24 мамыр соңғы қоңырау мерекесіне осыдан 5, 10, 20, 45 жыл бұрын мектеп бітіріп кеткен түлектер келді. Олар мектептің кіреберісінен бастап ерекше ықыласпен қарсы алынды. 1-қабатта ұйымдастырылған психологиялық тренинг керемет әсер қалдырды. Балалық шақты еске түсіру мақсатында балабақшада түрлі қызықты ойындар ұйымдастырылып, түлектер шынайы қуанышқа бөленді.
Кейін түлектер үшін мектеп бойынша арнайы экскурсия ұйымдастырылды. Заманауи талаптарға сай түбегейлі өзгерістерге ұшыраған мектепті аралау барысында олар Қазақ тілі мен әдебиеті кабинеті, STEM зертханасы, мұғалімдер бөлмесі, бастауыш сыныптар мен кітапхананы аралап, сол жерлерде мұғалімдер дайындаған қызықты ойындарға қатысып, түрлі тапсырмаларды орындады. Кездесу әсерлі әрі көңілді мерекелік концертпен жалғасты. Кішкентай ұлдар мен қыздар вальс билеп, ұстаздарымыз жүрек тебірентер әндер шырқаса, мың бұралған бишілер қазақ биін билеп, көрермендерді тәнті етті. Барлық түлектер бірігіп «Армандастар» әнін караоке түрінде орындады.
