Тілдер мерекесіне орай бастауыш сыныптар арасында «Абайла, жас ұрпақ!» атты мәнерлеп оқу сайысы өткізілді. Сайысқа 1–4-сынып оқушылары қатысып, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының өлеңдерін жатқа, мәнерлеп оқудан өз өнерлерін ортаға салды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың тілге деген сүйіспеншілігін арттыру, көркем шығарманы мәнерлеп оқуға баулу, сөз өнерін құрметтеуге тәрбиелеу болды.
Оқушылардың дайындығы жоғары деңгейде болып, әрқайсысы Абай шығармашылығына деген қызығушылығын көрсетті. Сайыс барысында қазылар алқасы оқушылардың дауыс мәнеріне, өлеңді түсініп, сезіммен жеткізуіне, сахна мәдениетіне назар аударды. Сайыс соңында белсенді қатысқан оқушыларға алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Бұл іс-шара жас буынның өнерге, әдебиетке, ана тіліне деген ықыласын арттырды.
