Жыл сайын мектеп бітіруші түлектер жаңа өмірге, жаңа белестерге қадам басады. Бұл – олардың ғана емес, оларды өсіріп, тәрбиелеген ата-аналарының да жүрек тебірентер сәті. Осыған орай мектебімізде «Ұрпаққа үміт, болашаққа сенім» атты ата-аналармен сұхбат ұйымдастырылды. Бұл сұхбаттың басты мақсаты – түлектердің өмірлік жолында ата-ананың үміті мен тілегін, ішкі толғанысын жеткізу, олардың балаларына деген сүйіспеншілігі мен сенімін көрсету.
Сұхбат барысында ата-аналар өз балаларының мектеп жылдарындағы қызықты сәттерімен бөлісіп, сүйікті пәндері туралы әңгімеледі. Көптеген ата-аналар балаларының таңдаған мамандығына қуана қолдау білдіріп отыр. Бұл сұхбат – ата-ананың балаға деген шексіз махаббаты мен үмітінің айғағы. Әрбір ата-ананың көкейіндегі арман – баласының бақытты болуы, ал баланың ең үлкен тірегі – ата-ананың сенімі мен батасы.
